Университеттің физика кафедраларының бөлінуі барысында 2000 ж. 16 ақпанда құрылған қатты дене физикасы және спектроскопия кафедрасы 2004 ж.15 қазаннан бастап конденсияланған күй физикасы деп аталған болатын. Кафедраны 2000-2002, 2003-2004 жж ф.-м.ғ.д.,профессор Қ.Ш.Шүнкеев, ал 2002-2003 жж ф.м.ғ. к., доцент М.С. Құрманбай басқарды, ал 2004 ж бастап кафедраны ф.-м.ғ. к, доцент С.Қ.Төлепбергенов басқарып келеді.
Қазіргі кезде кафедрада 1 ғылым докторы, профессор, 6 ғылым кандидаты, доценттер, аға оқытушылар және физика магистрлері еңбек етеді.
Аз уақыт ішінде кафедра ұжымы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Кафедра доценттері С.Қ. Төлепбергенов, Ә.З. Бекешев, Ш.Ж. Сағымбаева – ҚР Білім және ғылым министрлігі жаратылыстану ғылымдары саласындағы 2004 жылдың үздік ғылыми зерттеулері үшін Қ.И.Сәтпаев атындағы сыйлықтың иегерлері атанды. Профессор Е.И.Исматов 2006 ж «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуындағы еңбектері үшін» медалімен марапатталды,сонымен қатар «Қазақстанның ең таңдаулы адамдары» энциклопедиясына енді.
Кафедра оқытушылары мектеп оқушыларының облыстық, қалалық олимпиадаларында, ғылыми жобаларын дайындауда үлкен үлес қосып және олардың кәсіби бағдар алуына үздіксіз ат салысуда.
Кафедра республикамыздағы жоғары оқу орындарымен, сондай-ақ, басқа елдермен халықаралық ғылыми байланыс жасауда. Соның бір дәлелі – ф.-м.ғ.к.,доцент С.М.Жолдасованың басшылығымен кафедра магистранттары Қарақалпақстанда Әжінияз атындағы Нөкіс педагогикалық институтында ғылыми стажировкада болып қайтты.
Кафедра доценті Т.А.Қоразовтың баспадан жарық көрген «Тербелмелі және толқындық процестер. Акустика негіздері», «Механика», «Молекулалық физика және термодинамика негіздері», «Электродинамика негіздері» оқу құралдары студенттер жалпы физика курсы бөлімдерін меңгеру үшін қажетті дайындықты қамтамасыз ететін кітап болып табылады.
Кафедраның ғылыми бағыты - ядролық физика және қатты денелер физикасының салаларын зерттеу жұмыстарына негізделген. Кафедра оқытушылары көптеген ғылыми жариялымдардың және патенттердің авторы. Профессор Е.И.Исматовтың басшылығымен аға оқытушы Б.О.Сәрсенбаевтың ғылыми диссертациясы аяқталуға жақын болса, ал А.Х.Төремұрат ғылыми диссертациясын орындау үстінде.
Кафедра оқу зертханалары қазіргі заманға сай жаңа қондырғылармен және компьютерлермен жабдықталған. Нақты орындалатын зертханалық жұмыстардың нәтижелерін виртуальды зертханалық жұмыстармен салыстырылады. Кафедра оқытушылары сабақ өткізу барысында білім беру сапасын жақсарту мақсатында әр түрлі инновациялық әдістерді қолданады. Интерактивті тақтамен жұмыс, фолияларды қолдану, компьютерде физикалық есептердің бағдарламасын жасау және т.б. шаралар студенттердің білім алуға деген қызығушылығын туғызып, ықыласын арттырары анық.







